National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2018 жылғы 23 ақпан

Мемлекеттік хатшыға Филиппин Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Карлос Д.Соррета, Чад Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Мбатна Банджанг, Эквадор Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Хулио Прадо Эспиноза, Экваторлық Гвинея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Хосе Эсоно Мича Акенг, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Риши Рам Гхимире, Аргентина Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Рикардо Эрнесто Лагорио, Мексика Құрама Штаттарының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Бернардо Кордова Телло, Йемен Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Мохаммед Мотахар Алашаби сенім грамоталарын тапсырды.

Филиппин елшісімен әңгіме барысында Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі кезде Қазақстан терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін Мінез-құлық кодексін қабылдау жөніндегі Президент бастамасын ілгерілету жұмысын жүргізіп жатқанын айтты.

Мемлекеттік хатшы Чад елшісімен кездесуде Сахель бестік тобының қызметін терроризммен күрес жүргізудің маңызды тетігі ретінде атап өтті.

– Қазақстан алдына әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Біз технологияларды трансферттеу және шетелдік серіктестерімізді еліміздегі инновациялық жаңарулар ісіне тартуға мүдделіміз, – деді Г.Әбдіқалықова Эквадор елшісімен кездесуде.

Экваторлық Гвинея елшісімен кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова бұл елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2018-2019 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады. Мемлекеттік хатшы халықаралық терроризммен және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизммен күрес жүргізу басым бағыттың бірі екенін атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, туризм, банк ісі, көмірсутек шикізатын өндіру және тасымалдау ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары болып саналады, – деді Мемлекеттік хатшы Непал елшісімен әңгімелесу кезінде.

Аргентина елшісімен кездесуде Г.Әбдіқалықова Буэнос-Айрес қаласының 2023 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады. Биылғы жолдауда Мемлекет басшысы Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында одан әрі дамуы жөніндегі міндеттерді айқындап берген еді. Осы орайда Мемлекеттік хатшы инновациялар мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі зор екенін атап өтті.

– Америка елдері арасында Мексика маңызды серіктесіміздің бірі болып саналады, – деді Гүлшара Әбдіқалықова осы елдің елшісімен әңгімелесу барысында.

Мемлекеттік хатшы ЭКСПО-2017 алаңындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық және БҰҰ қолдауымен жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі жобалары бойынша ынтымақтасуға шақырды.

Йемен елшісімен кездесу кезінде Мемлекеттік хатшы бейбітсүйгіш мемлекет ретінде Қазақстан әскери сценарийдің өрістегенін құптамайтынын айтты. Біздің ел аумақтық тұтастықты, егемендікті және заңды түрде сайланған билікті құрметтеу қағидаттарын қолдайтынын атап өтті.

Рәсім соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, табыс тіледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің