Жаңалықтар

7 қыркүйек 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов келіссөздердің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен брифинг өткізді

Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентінің Қазақстанға ресми сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

- Біз екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлкен маңыз береміз. Тәуелсіздік жылдарында біздің мемлекеттер арасында жүзден астам құжатты қамтитын елеулі құқықтық-келісім-шарт базасы қалыптасты. Бүгін біз екіжақты құжаттарды түгендеу шараларын жүргізуге келістік. Біз қазақ-өзбек қарым-қатынастарының ахуалы мен келешегін талқыладық. Өзара мүддеде тоғысатын  халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікір алмастық, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының үдемелі өсімі байқалып отырғанын атап өтті. Тауар айналымы өткен жылы 2010 жылмен салыстырғанда 24 пайызға өсіп, 2 миллиард долларды құраған. Биылғы бірінші жартыжылдықта ол 8 пайызға өсіп, бір миллиардқа жуық долларға жетті.

- Біз тауар айналымын одан әрі арттыруды көздеп отырмыз және өзара сауда тізімін кеңейту үшін бірлескен күшімізді саламыз. Инвестициялық, көлік-комуникациялық, ауыл шаруашылық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі әлеует бар. Келіссөздер барысында Орталық-Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын бірлесе пайдалану тетігін талқылау және Аралды құтқару халықаралық қоры қызметін жандандыру мәселесі маңызды болды. Біз сондай-ақ көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқыладық. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, біз өз аймағымызды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік көпірге айналдыра аламыз, - деді Қазақстан Президенті.     

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл талқыланғанын айтты.

- Атап айтқанда, біз Ауғанстандағы ахуалды, Таяу Шығыстағы жағдайды талқыладық. Қауіпсіздік және Орталық Азиядағы тұрақтылықта көп мәселе біздің өзара күш-жігерімізге байланысты. Біз көпжақты ұйымдар мен екіжақты байланыстар аясында трансұлттық қауіп-қатермен күрес саласында ынтымақтастықты нығайту ниетіндеміз. Сөзімді қорыта келе, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының игілігі үшін стратегиялық серіктестікті тереңдете түсуге өзара ұмтылыс қажеттігін атап өткім келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз сөзінде Өзбекстан Президенті қазақстандық тарапқа жылы шырайлы қабылдау көрсеткені және келіссөздердің табысты жүргізілгені үшін ризашылығын білдірді.

- Ең алдымен, Қазақстанға жасаған сапарымыз және Қазақстан Президентімен әңгімеміздің жемісті болғаны үшін зор қанағаттанушылық сезімімді білдіремін. Біздің арамызда көптен бері мұндай ашық әңгімелесу және барлық мүдделі мәселелер бойынша іс жүзінде пікір алмасулар болған жоқ. Мен мұндай достық кездесу мен байыпты әңгіменің болғанын қалап едім. Біз аймақтағы күрделі жағдайды және біздің елдеріміз үшін әлемдік қаржылық дағдарыстың мүмкін боларлық жағымсыз салдарларын бағаладық және түсіндік. Өзімізді қызықтырған барлық мәселе бойынша өзара келісімге қол жеткізгенімізді, алдымызда тұрған күрделі проблемаларды бірлесіп шешуге ұмтылысымыз бен біздің ортақ көзқарасымызды айқындай түскенімізді айтқым келеді. Бұл біздің кездесуіміз бен келіссөздеріміздің ең басты әрі маңызды нәтижесі деп санаймын. Сонымен қатар, біз халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында біздің елдеріміздің үйлестіру жөніндегі екіжақты ұмтылысын білдірдік. Бұл біздің сыртқы саяси ведомстволарымыздың бірлескен бағдарламасына септігін тигізетін болады, - деді Өзбекстан Президенті.

Ислам Каримов екі ел арасындағы тауар айналымының деңгейі жоғары екенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың тауар айналымының таяу жылда айтарлықтай арта түсуі үшін барлық жағдай мен негіздер бар деген пікірімен келісті.

- Біз тауар айналымы біздің экономикамыздың әлеуетіне толық көлемде сәйкес келмейтінін және алда сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне келістік. Екі ел арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды арттырудың маңызды шарттарының бірі көлік-коммуникациялық саладағы уағдаластық болып саналады. Біздің келісөздеріміздің тағы бір негізгі тақырыбы – біздің аймақта су-энергеткиалық ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл мәселені шешу аймақтағы барлық елден тыңғылықты, бірлескен және жанжақты көзқарасты қажет етеді. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл біздің халықтарымызды жақындастырудың маңызды факторы саналады және ұлтаралық келісімді нығайтуға мүмкіндік туғызатын болады. Сөзімді қорыта келе, Қазақстанға сапарымның мақсаты өзбек пен қазақ халқының көпғасырлық тарихын, мәдени-рухани жақындығын, біздің елдеріміздің ортақ мүдделері мен тағдырларының ажырағысыз екенін көрсету екенін атап өткім келеді. Бұл құндылықтар алда да біздің елдеріміздің өзара қарым-қатынасы мен ынтымақтастығының негізін құрайтын болады, - деді Өзбекстан Президенті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша мынадай бірқатар құжаттарға қол қойылды - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың бірлескен мәлімдемесі, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы реадмиссия және адамдар транзиті туралы келісім және оның Атқарушы хаттамасы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарының шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісім хаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар