National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Елбасы Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады

2014 жылғы 17 қараша

 

Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасы аясындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

– Өткен жылдар ішінде елімізде парақорлықтың тамырын жою тұрғысынан алғанда біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңға өзгерістер енгізу, шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты азайту арқылы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қатайды. Лауазымы мен еңбегіне қарамастан барлығын да жауапқа тартатын заң қолданысқа енді. Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде, оның нәтижесі көрініп тұрғандықтан, қоғам тарапынан оң баға беріліп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметшілер жұмысын мінсіз әрі адал атқаруы үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде олар материалдық және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылған, сондықтан біз олардан адал қызметтің үлгісін көрсетіп, заңнаманы сақтауды талап етуге құқылымыз. Бұл, әсіресе, елімізде мемлекеттен орасан қаражат бөлініп, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру жөнінде ауқымды жұмыс жүріп жатқан қазіргідей кезеңде айрықша өзекті. Сондықтан Бас прокуратура мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жұмыс істеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің республика ТМД-да бірінші болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдағанын атап өтті.

– Осы заңды қабылдау кезінде мен ешкімге жеңілдік болмайтынын және ешкім де жазадан құтылмайтынын айтып, бүкіл халыққа мәлімдеме жасадым. Мемлекет тиімді басқарушыларды тәрбиелеп шығару үшін көп уақыт пен қаражат шығындайды. Ал олар сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берсе, жұмсалған сол барлық күш-жігер мен шығын босқа кеткен болып шығады. Халық осыны түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен ымырасыз күреске мүдделі болғаны жөн. Қазақстандықтар арасында бұл мәселеге немқұрайлы қарайтындар болмауы тиіс. Ең бастысы, жұртшылық жемқорлық көріністеріне төзбей, ол жөнінде хабарлап, сол бойынша ілкімді шаралар қабылдануы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Бас прокурор партия бағдарламасын нақты іске асыруға кірісіп те кеткендерін мәлімдеді.  

– Экономиканы одан әрі дамытуға бөлінген бюджеттік қаражатты пайдалану барысында заңнама талаптарын мүлтіксіз орындау жөніндегі жұмыс жолға қойылды. Біз әр теңгенің тиімді пайдаланылуын, бұл қаражатты жымқыруға жол берілмеуін қадағалайтын боламыз, – деді А.Дауылбаев.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Мемлекет басшысы айтқан міндеттер басым мәнге ие болатынына тоқталды. 

– Ертеңнен бастап біз өзіміздің толыққанды қызметімізге кірісеміз. Тиісті заң қабылданды, қазір Агенттіктің жеке құрамын жасақтау жұмысы жүріп жатыр. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында жүйелі жұмысты жолға қоя алатынымызға сенімдімін, – деді Қ.Қожамжаров.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің