Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

16 тамыз 2014
Елбасының атына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтен хат келді

 

А. Мырзахметов өз хатында облыстың елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманың орындалу барысы туралы хабарлады.

Әкім өңірде 2,7 миллион адам тұратын 929 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндаған.

Атап айтқанда, соңғы 5 жылда 253 елді мекенде тұратын 873 мың тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде су құбырымен қамтылған елді мекендер саны 412-ден (44,3%) 665-ке (71,6%) дейін, ал суға қолы жеткен тұрғындар саны 1,4 миллионнан (56%) 2,3 миллионға (85,1%) дейін өскен.

Сонымен қатар, Асар-Қайнарбұлақ суаққысы бүгінгі таңда сусорғы қондырғыларымен толық жабдықталды және 16 шақырым су құбыры мен 10,5 шақырым коллектордың құрылысы аяқталып, елді мекеннің ішкі тораптарына қосу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биылғы 15 қазанда пайдалануға беру жоспарлануда. Оның мерзімін кешіктірген кінәлі тұлғалар жұмыстан босатылған. Өз міндеттемелерін бұзған мердігерге тиісті шара қолданылған.

Сондай-ақ Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қыркүйек айында шешілетіні айтылған. 

Соңында өңір басшысы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету әлеуметтік маңызды бағыт екенін және онымен байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін қажетті жұмыстардың бәрі жалғастырылатынын атап өткен.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар