National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевтың мемлекеттік сапарының қорытындысына арналған бірлескен брифинг

2014 жылғы 07 қараша

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қырғызстан еліміздің Орталық Азиядағы маңызды одақтасының бірі және стратегиялық серіктесі екенін айтты.

– Біздің ынтымақтастығымыз айрықша сенім және туындайтын мәселелердің бәрін шешуге деген сындарлы қадаммен ерекшеленеді. Бүгінгі сапар – екі елдің арасындағы берік байланыстардың тағы бір айғағы, – деді Қазақстан  Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылуына байланысты Қырғызстан Қазақстанның қолдауына сүйене алатынын да айтты. Біздің ел қажетті техникалық, консультациялық және басқа да көмектер көрсетуге әзір.

Қазақстан Президенті екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жақсы дамып келе жатқандығын атап өтті.

– Өзара сауда соңғы кездері тұрақты өсу үдерісін көрсетуде. Қазіргі кезде елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллар межесінен асады. Қазақстан Қырғызстанның ірі сыртқы сауда серіктесі болып саналады. Қазақстан-Қырғыз тікелей инвестициялар қорын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қырғызстанның оңтүстігі мен солтүстігінде Қазақстанның қаражаты есебінен екі мектеп салынып жатыр – деді Мемлекет басшысы.

Бірлескен брифингте Қазақстанның Қырғызстанға келесі жылы 1,4 млрд киловатт/сағат электр энергиясын жеткізу тұрғысында көмек көрсететіні туралы да айтылды. Өз кезегінде Қырғызстан біздің елді вегетациялық кезеңде егінге қажетті сумен қамтамасыз ететіні жөнінде уағдаластық жасалды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қырғызстанды берік мәдени-тарихи байланыстар біріктіретінін атап өтті.

– Бішкекте – Абайдың, біздің елордамызда Манастың ескерткішін орнату жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері аяқталуға таяды. Шоқан Уәлиханов пен Шыңғыс Айтматовтың есімдерін Бішкек пен Астана көшелеріне беру арқылы ұлықтау жұмыстары жүргізілуде, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің сапары екі елдің қарым-қатынасын нығайтып, оны одақтастық және стратегиялық серіктестіктің жаңа сапалық деңгейіне шығаруға септігін тигізгенін айтты.

Қырғыз Республикасының Президенті өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу екі ел ынтымақтастығының негізгі бағыттары бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ маңызды мәселелерді шешуде қолдау табуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Электр энергиясына қатысты қиындықтарға байланысты біздің елде  веерлік ажырату әдісін енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Мұнда, Қазақстанда тұрғындар ондай проблемаға тап болмайды, ал бізде бұндай жайт жұрт электр энергиясынсыз, суықта, ешқандай жағдайсыз қалған 2008-2010 жылдары болды. Мен веерлік ажыратуды енгізуден бас тарттым, өйткені Қазақстан Президенті бұл мәселеде қолдау көрсетеді деп сендім. Нәтижесінде электр энергиясын жеткізу туралы Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің шешіміне қол қойылды, – деді Қырғызстан Президенті.

Сонымен қатар А.Атамбаев екі елдің қалыптасқан қарым-қатынасы қандайда бір саяси шарт қоймастан, риясыз қолдауға негізделгеніне назар аударды.

– Шағын құрамдағы кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев түйткілді мәселелерді өзі көтеріп, көмек көрсету ниетін білдірді. Саясатта бұл өте маңызды. Қазақстан өзге мәселелерде, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге байланысты мәселеде де бізге қолдау көрсетіп отыр. Бір ғана нәрсені айтқым келеді: елдеріңіздегі қол жеткен тұрақтылық пен өркендеудің қадірін біліңіздер. Қазақстан осы жолмен жүруді жалғастыра беретін болса, әлемнің дамыған 30 мемлекеті қатарына қосылу міндетінің орындалатынына сенімдімін, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.

***

Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің көшбасшылары Бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Жоғары Мемлекетаралық Кеңес отырысының қорытындысы бойынша төмендегідей шешімдер қабылданды:

– Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы ынтымақтастықтың іс-шаралар жоспары туралы;

– Еуразиялық интеграция жағдайындағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы;

– Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы.

Жалпы, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаевтың Қазақстан Республикасына сапары мен Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің төртінші отырысын өткізу достық және тату көршілік қатынастарды  нығайтуға, екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын қарқынды дамытуға елеулі үлес қосты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің