Жаңалықтар

22 қаңтар 2008
Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болып өтті, онда екі мәселе қаралды.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою саласында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды.


Мемлекет басшысы заңнамаларды жетілдіру арқылы төтенше жағдайларға жедел іс-қимыл таныту саласын реформалау және оны уақыт талаптарына бейімдеудің маңызын атап көрсетті.


БҰҰ-ның орын алуы ықтимал төтенше жағдайларға әзірлігін көтеру мәселелері жөніндегі тиісті институттарымен ынтымақтастықты кеңейту, бүкіл Орталық Азия өңіріндегі мемлекеттердің мүддесі үшін Қазақстанда халықаралық гуманитарлық көмек қоймаларын құру мәселелерінің маңызы аталып өтті.


Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Сыртқы істер министрі М.Тәжин, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Н.Әшімовтің баяндамалары тыңдалды.


Қауіпсіздік Кеңесі талқылауының қорытындылары бойынша төтенше жағдайларда жедел іс-қимыл танытудағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді шараларды қарыстыратын хаттамалық тапсырмалар қабылданды.


Отырыста сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстан Ислам Республикасында орын алған қақтығыстардан кейінгі қалпына келтіру шараларына қатысу мәселесі қаралды. Аталған мәселеге қатысты Сыртқы істер министрі М.Тәжин баяндама жасады.


Талқылау барысында осы елдегі және тұтастай алғанда, Орталық Азия өңіріндегі ахуалды тұрақтандыру мәселесі халықаралық қоғамдастық қабылдаған шешімдердің тиімділігіне байланысты екендігі аталып өтті.


Сауда, халықаралық автомобиль және әуе қатынастары, инвестицияларды өзара қорғау салаларында Ауғанстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажет деп танылды.


Отырыста берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалау Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктелді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар