Жаңалықтар

5 қыркүйек 2014
Елбасы АҚШ Конгресінің мүшелері Дэйна Рорабакер және Грегори Микспен кездесті
Бурабай кенті, Ақмола облысы

Кездесу барысында Қазақстан-Америка қарым-қатынасының стратегиялық сипаты, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы атап өтілді.

 

Кездесу барысында Қазақстан-Америка қарым-қатынасының стратегиялық сипаты, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы атап өтілді.  Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

АҚШ конгрессмендері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атай отырып, екі елдің арасындағы өзара тиімді серіктестік бұдан әрі нығая береді деп үміттенетіндіктерін  жеткізді.

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Д.Рорабакер Конгресс мүшелері сапар аясында жоғары деңгейде бірқатар кездесулер өткізгенін айтты.

– Құрама Штаттар мен әлемнің өзге де елдерінің халқы Қазақстан бүгінде бұдан арғы дамудың бағдарын айқындайтын маңызды ойыншы болып саналатынын білгені жөн. Болашақта ол экономикалық өсім үдерісіне айтарлықтай ықпал ететін болады, біз соған орай елдеріміздің өзара тиімді ынтымақтастығын талқыладық, – деді Д.Рорабакер.

Ол сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ халқының бірлесе жұмыс істеу ниеті АҚШ-тың Қазақстанмен сенімді серіктес болу жөніндегі стратегиялық мақсатынан туындайтынын айтты.

– Нақ осы оймен біз кері оралып, Өкілдер палатасында өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту жөніндегі қадамдарды қарастыратын боламыз, – деді АҚШ Конгресінің мүшесі.

Өз кезегінде Г.Микс Қазқастан Президентіне қызықты әрі ашық диалогқа құрылған кездесу үшін алғысын айтты.

– Нұрсұлтан Назарбаев бізге өз елінің болашағы мен серіктестігіміздің перспективалары туралы айтты. Мемлекетіміз Қазақстанмен географиялық орнына байланысты ғана емес, оның бүгінде түрлі елдерді жұмылдыра алатын қуатты жасампаз әлеуеті бар екендігі үшін де ынтымақтасуға тиіс деп санаймын. Бұл – көбіне-көп Қазақстан Президентінің еңбегі. Мұндай қадамды ол бізбен, АҚШ-тың әртүрлі екі партиясының – Республикалық және Демократиялық партиясының өкілдерімен кездесуінде де байқатты, – деді Г.Микс.

Сонымен қатар, ол тығыз әрі тиімді ынтымақтастық мысалын көрсету үшін біздің елімізге америкалық бизнес өкілдерімен бірге қайтадан келуге ниетті екенін айтты.

Соңында Д.Рорабакер мен Г.Микс еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін Қазақстанның ДСҰ-ға кіру ниетіне, сондай-ақ екіжақты өзара ықпалдастықтың нығаюына қолдауларын білдірді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар