Жаңалықтар

10 қараша 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру: Алаш және Тәуелсіздік идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты
Астана қаласы, «ЭКСПО-2017» конгресс орталығы

Конференция Алашорданың құрылуының 100 жылдығына арналды.

Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, танымал қоғам қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, еліміздің барлық өңірінен және басқа мемлекеттерден келген ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін оқып берді. Онда «Алаш» қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси, әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі екені айтылған. «Алаш» қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жөніндегі сан ғасырлық арман-тілегімен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары аңсаған ел тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Алашорда мен «Рухани жаңғыру» идеяларының үндестігі халқымыздың бұрынғы және қазіргі мұраттарының сабақтастығын көрсетіп, болашақтағы орнықты дамуымыздың бағдары қызметін атқарады.

Конференция аясында «Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер және Алашорда», «Алашорданың саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты секция отырыстары өтті. Іс-шараға қатысушылар тәуелсіздік алу жолындағы «Алаш» қозғалысының тарихи рөлі, төл тарихымызға деген құрмет сезімін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының биік те ізгі мұраттарын қастерлеп сақтау мәселелерін талқылады.

Жиын қорытындысы бойынша «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімін ұлықтау, олардың мұрасына қатысты зерттеулерді жүйелеу, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу қажеттігі туралы мәселелер көрініс тапқан қарар қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар