Жаңалықтар

6 қыркүйек 2018
Елбасы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
Қарағанды қаласы, Достық үйі

Қазақстан Президенті облыстың этно-мәдени бірлестіктерінің жұмысымен танысқаннан кейін, өңірдегі жұртшылық өкілдерімен кездесті.

Мемлекет басшысы облыстың экономикалық даму көрсеткіштерінің оң қарқынын айрықша атап өтті.

– Бес жыл ішінде 1,7 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны жөнінен бұл өңір республикада төртінші орында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қарағанды өңірінің еліміздегі ең урбанизацияланған аймақ екенін айтып, облыстағы барлық елді-мекенде әлеуметтік инфрақұрылымды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзит әлеуетін пайдалануға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық даму бағдарламаларын одан әрі іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Елбасы Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдап, жұртшылық өкілдерімен әңгімелескен соң, өңірдің экономикалық өсімін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі бірқатар басты міндеттерді шешу қажеттігін айтты.

– Бұл облыста арнайы экономикалық аймақ құрылған. Бүгінде мұнда барлығы 15 кәсіпорын тіркелсе, соның тек алтауы ғана жұмыс істеп тұр. Әкімдікке арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін жандандыру жөнінде нақты шаралар әзірлеуді тапсырамын. Ірі инвесторларды құрылыс, химия және медицина индустриясы, сондай-ақ металл өңдеу салаларына тарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тұрғындарға жағдай жасау және олардың әл-ауқатын жақсарту үшін кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігі жөнінде айтты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев неғұрлым сұранысқа ие әрі импортталатын тауарлар өндіру ісін реттеп, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды тапсырды.

– Ірі 4 кәсіпорында Индустрия 4.0 элементтерін енгізу жоспарланып отыр, ал 2 кәсіпорын «модельді цифрлық фабрика» ретінде айқындалды. Роботтандыру, жасанды инлеллект, өнеркәсіптік интернет кәсіпорындарға еңбек өнімділігі мен өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар тұрақты жүргізілуге тиіс, – деді Елбасы.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және Қарағанды қаласын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы мен оны іске асыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасындағы бизнестің маңызды рөлін атап өтіп, Қарағанды облысында Бизнесті дамыту картасын әзірлеуді, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен 2020 жылға арналған бизнестің жол картасы аясында тұрғындарды кәсіпкерлікке белсенді тартуды тапсырды.

Кеңес барысында мемлекет-жекеменшік әріптестік форматындағы жаңа жобалар әзірлеу жүктелді.

Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселелерін арнайы атап өтіп, оның одан әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысы және облыстың туристік әлеуетін дамыту сапасына қатысты проблемаларды шешу жоспарына тоқталды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Басқосу барысында жылумен қамту, өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл технологияны енгізу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

– Бір жылда өнеркәсіп кәсіпорындарынан ауаға 600 мың тоннаға жуық  зиянды заттар шығарылады. Бұл – республиканың қоршаған ортасын ластайтын заттардың төрттен бір бөлігі. Әкімдікке Үкіметпен бірлесе отырып, облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы халықтың бірлігін нығайту жолындағы еліміздің жетістіктеріне тоқталып, облысты одан әрі дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының маңызы зор екенін айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу