Жаңалықтар

15 қазан 2018
Қазақстан Президенті «DaruZharygy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің офтальмология орталығына барды
Ақтөбе қаласы

Мемлекет басшысы жаңа клиниканың емханалық, диагностикалық және стационарлық бөлімшелерін, лазер орталығы мен ота жасау бөлімін аралап көрді, сондай-ақ көзге ота жасауға арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен танысты.

Елбасы өңір тұрғындарына шет елдерге бармай-ақ, еуропалық деңгейдегі жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек алуға мүмкіндік беретін мұндай нысандарды іске қосудың маңыздылығын айрықша атап өтті.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласына үнемі көңіл бөліп, тиімді әлеуметтік саясат жүргізіп жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне Астана қаласында салынатын алғашқы медициналық оңалту орталығының макеті таныстырылды.

***

«DaruZharygy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында австриялық компаниямен бірлесіп салған өңірдегі ірі офтальмология және көз микрохирургиясының орталығы. Жоба құны – 3,2 миллиард теңге. Клиника Еуропада шығарылған медициналық құрылғылармен жабдықталған. Стационар 60 адамға арналған, емхана күніне 500 адам қабылдай алады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу