Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 қазан 2013
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысындағы жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысы аясында салынған көппәтерлі үйде болды және жұмыс сапарының қорытындысы бойынша брифинг өткізді

 

Тұрғын үйді аралау барысында Мемлекет басшысы жастарға арналған үйлер жұмыс істеп жатқан азаматтар үшін салынғанын, жалпы алғанда, баспанамен қамтамасыз ету тұрғындардың қажырлы еңбегіне байланысты екенін атап өтті.   

108 пәтерлі үйдің құрылысына жұмсалған шығынның жалпы құны – шамамен 590 миллион теңге. Бұл ретте 330 миллион теңге жастарға арналып салынған бірінші және екінші үйді сатудан түскен қайтарымды қаражат есебінен қаржыландырылған. Қаражаттың қалған бөлігін бас мердігер бөлді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

– Менің Батыс Қазақстан облысына сапарым аяқталды. Енді мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Минскіге барамын. Ресей Федерациясының бірқатар өңірімен шекаралас жатқан Батыс Қазақстан облысы үшін интеграция мәселесі өзекті мәселе болып саналады. Облыс тұрғындары өзара сауданы жандандыруды, адамдар мен капиталдың еркін қозғалысын қамтитын өздері үшін тиімді жайттарды тікелей сезінеді. Бүгінгі жағдайда экономикалық интеграцияның объективті қажеттілік екенін тағы да қайталаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы интеграциялық процестер қазірдің өзінде тұрақты өсім көрсетіп отырған облыс дамуының қосымша факторы екенін жеткізді.

– Кейбір көрсеткіштер жөнінен облыс республикадағы жетекші өңірлер арасында келеді. Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жақсы көрсеткіштер қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандар, жолдар салынуда, газдандыру жұмысы жүргізілуде. Осының бәрі облыста лайықты жұмыстар жасалып жатқанын білдіреді. Сонымен қатар мен атап өткен кемшіліктер де бар. Оларды түзету керек. Өңірдің тұрғындарына мен шын жүректен табыс және бақ-береке тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.         


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары