Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 тамыз 2008
Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі (АӨСШК) кеңеске мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің 3-ші кездесуі болып өтті

big-01.jpg

big-02.JPG

Мемлекет басшысы форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Иордан Хашимиттік Корольдігі мен Біріккен Араб Әмірліктерін Кеңестің толыққанды мүшелері қатарына енуімен құттықтады. Президент 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында жария етілген Кеңесті шақыру жөніндегі Қазақстанның бастамасы халықаралық қатынастардағы басты факторға айналғанын және Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қолдаудың тиімді құралы болып табылатынын атап өтті.


Өзінің сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК қызметінің бастапқы кезеңіндегі нәтижелерді баяндап, Кеңеске мүше мемлекеттердің алдында тұрған мәселелерді талқылады, сондай-ақ осы өңірдегі елдердің ықпалдастығына қатысты ұйым қызметінің жаңа бағыттарын белгіледі.


- Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктірмейінше, ашаршылық, жоқшылық, эпидемиялар, экологияның нашарлауы, лаңкестік, есірткі саудасы сынды жалпы жер-жаһандық проблемалардың бірі де шешімін таппайды, - деді Н.Назарбаев.


Елбасы «Біз қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде АӨСШК сияқты көпқырлы тетіктердің тиімділігіне сенеміз. Қазақстан бүкіл өңірдің күрделі мәселелері мен проблемаларын шешуге жәрдемдесуге ниетті мемлекеттермен әрдайым бірге болады», деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасын АӨСШК-тің келесі төрағалығына ұсынды.


Сондай-ақ өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Осетия мен тұтастай алғанда, Кавказда қалыптасып отырған ахуалды қозғады. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде алдыңғы кезектегі міндеттердің бірі зардап шеккен тұрғындарға жедел түрде гуманитарлық көмек жеткізу болып табылады. Президент Қазақстан аталған мәселені БҰҰ-ның Жарғысы, халықаралық құқық нормалары мен принциптері негізінде шешу жөніндегі Ресей басшылығы ұсынған жолды қолдайтынын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев қақтығыс аймағында халықаралық бақылаушылардың санын көбейтіп, олардың рөлін жандандыруды қолдайтынын, сондай-ақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ахуалды реттеу жөніндегі күш-жігеріне қатысуға дайын екендігін білдірді.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қырғызстандағы әуе апатынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.


Форум барысында Кеңеске мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы, халықаралық шиеленістерді реттеу, әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған жаһандық проблемаларды шешу, сондай-ақ Кеңеске мүше елдердің өзара ықпалдастығының одан әрі тиімді жолдарын іздеу мәселелері талқыланды.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар