Жаңалықтар

30 тамыз 2011
Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдындағы орталық алаңда Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған әскери парад болып өтті.

01

02

06

03

05

Мерекелік іс-шараларға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы біздің еліміз тарихи мәні зор оқиғаға – Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге таяп келе жатқанына тоқталды. Мерейтойлық салтанатты шаралар аясында Конституция күні ерекше орын алады.

- Негізгі заңымыз Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жемісті жолының берік іргетасы болып табылады. Конституция – бүкіл халықтың ерік-жігері. Негізгі заңның арқасында біз тарихи дәуірлер кезеңін сенімділікпен еңсердік, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Конституция мен Тәуелсіздік біздің Отанымызда қазақстандық Армияның сенімді қорғауында болатынын атап өтті. Қазақстан – бұл Конституция күні әскери парад өткізетін бірден-бір ел. Бұл біздің бірегей дәстүріміз.

- Біздің даңқты Отан қорғаушыларымыз! Өздеріңнің қасиетті борыштарыңды лайықты атқарыңдар. Жауынгерлік рухтарыңды шыңдай түсіп, әскери шеберліктеріңді арттырыңдар! Қазақстандық шекараның қауіпсіздігі мен беріктігі – сіздердің қолдарыңызда! – деді Мемлекет басшысы.

Биылғы жылы парадты Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері – жас барабаншылар ротасы ашты.

Құрлықтағы әскерлер, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери теңіз күштері, ішкі әскерлер мен шекара қызметінің, Республикалық ұлан мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметкерлері – барлығы 2500 әскери қызметкер және әскери техника жүріп өтті.

Таулы жағдайлардағы әскери іс-қимылдар үшін ең заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген Құрлықтағы әскерлердің мергендері мен таулы-атқыштар бригадасының әскери қызметкерлері алғаш рет салтанатты саппен өтті.

Механикаландырылған колонна құрамына таяуда ғана әскерді құралдандыруға берілген әскери техника алғаш рет енгізілді.

Парадқа әскерлердің барлық түрінің жауынгерлік расчеттары, 130 бірліктен астам қару-жарақ пен әскери техника, 60 бірліктен астам авиациялық техника қатысты.

Президенттің сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.                


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар