Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 қараша 2010
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында бірқатар нысандарды аралап көрді.

 

Жұмыс сапарын Қысқы Азия ойындары өтетін нысанның әзірлігімен танысудан бастаған Елбасы Халықаралық Шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде болды. Құрылысы аяқталған, жалпы құны 38 миллиард теңгеден астам соманы құраған халықаралық деңгейдегі спорт кешенінде Мемлекет басшысы спортшылардың дайындығын тамашалап, оларға сәттілік тіледі.

Содан кейін қаладағы қатынас жолдарының ахуалымен танысқан Елбасы шаһардағы шығыс айналма жолымен арнайы танысты. Бүгінге дейін жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын айналма жолдың 5,6 шақырымы аяқталған. Айналма жолдың қаланың экологиясына тигізер игі әсеріне тоқталған Мемлекет басшысы жолдар салынатын жерлерді заңсыз иеленгендердің өз еріктерімен оны мемлекетке қайтарулары керектігін ескертті.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жасаған жұмыс сапарында бірқатар жоғары оқу орындарында болды.

Елбасы әуелі Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып, оқу ордасындағы агроинновациялық көрме мен «Қазақ-Жапон» ғылыми инновациялық орталығын аралап көрді. Мемлекет басшысы университеттің 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оқу орнына көлік сыйлады. Құрылған күннен бері 135 мыңнан астам маман даярлаған университетті Елбасы «Қазақстандағы аграрлық ғылымның қара шаңырағы, ауыл шаруашылығының жоғары білікті ұлттық мамандарының ұстаханасы» деп атап көрсетті.

Содан кейін Елбасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына келді. Бүгінге дейін 8 мыңнан астам маман даярланған өнер ордасының материалдық-техникалық базасы жаңарған. Соңғы жылдары Консерваторияға көптеген жаңа аспаптар, соның ішінде 50 рояль сатып алынған. Мемлекет басшысы заманауи құрылғылармен жабдықталған Орган залын аралап көріп, Консерватория ұжымы мен студенттерімен кездесті. Өз сөзінде «Оқу ордасы өнердегі ұлттық қолтаңбаны Еуропаның классикалық музыкалық білім беру үлгісімен ұтымды ұштастыруда» деген Елбасы Консерватория ұжымының қазақ мәдениеті мен музыкасын насихаттаудағы еңбегін атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар