Жаңалықтар

15 наурыз 2008
Бүгін Оман астанасы – Маскатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сұлтан Кабус бен Саид саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
big-oman-1.jpg

Оман Сұлтандығы – Қазақстанның араб әлеміндегі аса белсенді әріптестерінің бірі. Біздің елдеріміз арасындағы табысты ынтымақтастықты дамыту негізі 1997 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Оманға жасаған бірінші ресми сапары кезінде қаланды. Содан бергі екі елдің өзара қарым-қатынасы кең ауқымды мәселелер бойынша серпінді саяси үнқатысумен, сондай-ақ бірқатар ірі экономикалық жобаларды нақты жүзеге асырумен сипатталып отыр.


Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары қазақстан-оман әріптестігін одан әрі нығайтуға байланысты мәселелерді талқылады.


- Қазақстан Оманмен түрлі салалардағы көп қырлы ынтымақтастықты дамытуға айрықша маңыз береді, - деді Н.Назарбаев.


Президент Оман Сұлтанына Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық мәселелеріне ұдайы көңіл аударатындығы және еліміздің ДСҰ-ға кіру үдерісіне қолдау көрсеткендігі үшін ризашылығын білдірді.


Анықтама:

2007 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 14,8 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш екі ел экономикасының әлеуетіне сай емес. Экономикалық қатынастардың төмен деңгейіне негізгі себеп ретінде тараптардың бір-бірінің әлеуеті мен мүмкіндіктері туралы тиісті деңгейде хабардар болмауын, көлік бағыттарының дамымағанын айтуға болады.


Осы орайда тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты Үкіметаралық комиссия құрудың маңыздылығын атап өтті.


- Экономикалық ынтымақтастық әлеуетін сондай-ақ Қазақстан-оман іскерлік кеңесін құру, бизнес өкілдері делегацияларын алмастыруды ынталандыру, форумдар мен көрмелер ұйымдастыру арқылы ашуға әбден болады, - деп атап өтті Н.Назарбаев.


Президент Н.Назарбаев Қазақстан мен Оман болашақта Иран аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарын пайдалана отырып, өзара сауда көлемін арттыра алатынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан, Түркіменстан және Иранның қатысуымен салынып жатқан теміржол бағытының маңызы зор болмақ.


Мемлекет басшысы аталған жоба Парсы шығанағына және одан кері бағыттағы жүк тасымалын тиімді ұйымдастырудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде барлық тараптарға пайдалы болатынын атап өтті. Алғашқы жылдары жаңа жол бойынша жылына 3 миллионнан астам тонна жүк тасымалдауға болады, ал алдағы уақытта бұл көрсеткіш 10 миллион тоннадан асуы мүмкін.


Сонымен қатар, Үнді мұхиты жағалауындағы оман айлақтары арқылы Қазақстан тауарларын сыртқы рынокққа тасымалдау мүмкіндігі бар.


Қазақстандық делегация экономикалық өзара іс-қимылдың инвестициялық әлеуетін күшейтуге мүдделілік танытты. Осы салада екіжақты деңгейдегі өзара ықпалдастық кезеңінде бірқатар ірі және маңызды жобалар жүзеге асырылды. Оман – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды жобалардың бірі – Каспий құбыр арнасы консорциумының акционері. Сондай-ақ оман тарапының Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жемчужина» мұнай кен орнын және Батыс Қазақстандағы «Дунга» кен орнын игеруге қатысуын атауға болады.


Тараптар сондай-ақ Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі секілді халықаралық бастамаларының қызметіне Оманның қатысуын талқылады.


Мемлекет басшылары ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелеріне қатысты әңгімеде Қазақстан мен Оманның жоғары технологияларды пайдалану саласында ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимыл, шығармашылық ұжымдар алмасуын қалыптастыру, кітап көрмелеріне өзара қатысу арқылы орнықтыруға болатынын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар