Жаңалықтар

17 маусым 2009
Бүгін Президенттің Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев дербес зейнеткер Бәйкен Әшімовті, Алматыдағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразованы және Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымы қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлды қабылдады.

Белгілі мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, ұзақ уақыт бойы еліміздің Министрлер кеңесін басқарған Бәйкен Әшімов Президент Н.Назарбаевтың әлемдік экономикалық дағдарыс салдарын еңсеру жөнінде қабылдап жатқан шараларына толық қолдау білдірді. Ол қазірдің өзінде-ақ ел экономикасы үшін елеулі нәтижелерге жеткізген соңғы жылдардағы ауылды өркендетуге жоғары баға бере келе, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап отырғанына ерекше назар аударды. Б.Әшімов осындай қиын кезеңде Н.Назарбаев өзінің батыл әрі тиімді іс-әрекетімен өз отандастарының жоғары сенімін толық ақтап келе жатқанын және Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы тұрақтылығы мен дамуының сенімді кепілі болып табылатынын тағы да айқын көрсетті. Нақ сондықтан да, біз бүгін Қазақстан халқының өзі мойындаған және сынақтан өткен көшбасшысының төңірегінде одан да тығыз топтаса түскенін көріп отырмыз.


Көп жылдарғы жемісті ұстаздық еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тұңғыш иеленген Аягүл Миразова Мемлекеттік хатшымен болған кездесуде мектептердегі материалдық-техникалық базаны дәйекті нығайтып және отандық білім берудің сапасын арттырып отырғаны үшін Мемлекет басшысына зор алғысын білдірді. Қазақстан ұстаздары мұны Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің болашағы – жастарымызға көрсеткен айрықша қамқорлығы деп қабылдайды. Мемлекеттің осындай қамқорлығына біздің ендігі жауабымыз – Қазақстанның жоғары білімді нағыз патриоттарын тәрбиелеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.


Қоғам қайраткері, ауған соғысының жауынгері және әскери-тарихи тақырыптағы бірнеше кітаптардың авторы Бақытбек Смағұл Мемлекеттік хатшымен кездесуде қазақстандық өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелерін көтерді. Ол өзі басқаратын Ауғанстан соғысы ардагерлері ұйымы қауымдастығының атынан еліміз шегінен тыс жерлердегі әскери іс-қимылдардың нәтижесінде мүгедек боп қалған азаматтарды және тұтастай алғанда, барлық халықтың аз қамсыздандырылған әлеуметтік қорғалатын топтарын қолдау жөнінде мемлекеттің қабылдап отырған шаралары үшін Президентке үлкен ризашылықтарын жеткізуді өтінді. - Бұл шаралар әсіресе, қазіргідей әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында өте қымбат болып табылады. Мемлекет басшысы, Қазақстанның Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлер мен Қазақстанның бүгінгі қорғаушыларының берік қолдауына ие, өйткені, біз де барлық отандастарымыз сияқты, елдің одан арғы табысты дамуын біздің жалпыұлттық көшбасшымыз, Тұңғыш Президенттің қызметімен тікелей байланыстырамыз, - деп атап көрсетті Б.Смағұл.


Қ.Саудабаев қабылдауда болған азаматтарға Мемлекет басшысының стратегиялық бағытын қолдайтындары үшін алғысын білдірді және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қазақстандықтар жаһандық қаржылық дағдарыс салдарын батыл еңсеріп қана қоймай, еліміз одан күшті әрі болашаққа ұмтылған мемлекет болып шығатынына сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар