Жаңалықтар

1 желтоқсан 2017
Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті

Мемлекет басшысы жобаға қатысушыларға әлемде болып жатқан өзгерістер жөнінде айтып, қазіргі жағдайларға бейімделу қажеттігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістер дәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін атап өтіп, оны іске асырудың аралық нәтижелеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жоба туралы айтып, бұл үрдістің басты мақсатын атап өтті.

– Бүгінде ғылым және мәдениет туралы ақпараттың 70 пайызға жуығы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысына тоқталды.

– Біз егер қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. «Туған жер» жобасы бойынша мынаны айтуға болады. Патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз. Қазір елімізде меценаттар туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті.

– Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақсы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анықтау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын болады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүние жүзіне танытуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.

– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.

Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жеткен жетістігімен танысып, қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.

– Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жобаның барлық қатысушысына табыс тілеп, оларды бұл жетістіктермен шектелмеуге шақырды.

Елбасы кездесу аяқталған соң «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар