National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

2012 жылғы 07 маусым

Ақордада өткен кездесудің салтанатты рәсімінен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, халықаралық күн тәртібін талқылады және өзара іс-қимылдың келешектегі негізгі бағыттарын айқындады.

Тараптар Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ықпалдастық үдерістерін дамыту мәселесін талқылады, өзге халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл перспективасын қарастырды. Қазақстан мен Ресей Президенттері сауда-экономикалық, индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, отын-энергетикалық, көлік, атом және зымыран-ғарыш салаларындағы ынтымақтастыққа жете назар аударылды.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл Владимир Путиннің қазіргі президенттік мерзімі басталғалы бері Қазақстанға алғашқы ресми сапары екенін атап өтті.

- Біз бірнеше жылдан бері бірге қызмет атқарып келеміз. Сіз біздің қарым-қатынастарымызды нығайту үшін көп жұмыс жаадыңыз. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы үшін зор күш-жігеріңізді жұмсадыңыз. Енді біз Еуразиялық одақты құруға қадам басып келеміз. Осындай қарым-қатынастың, біздің кездесуіміздің динамикасының арқасында біздің елдеріміздің экономикалық ынтымақтастығы белсенді дамуда. Әлемдік экономика үшін қиын уақытта Беларусь, Қазақстан мен Ресейдің Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ықпалдастығы өзара қолдау мен көмектің жақсы факторы болып табылады. Біз Ресеймен біздің қарым-қатынасымызды қадірлейміз. Біздің достығымыз көршілер мен одақтастар арасындағы қарым-қатынастардың қандай болу керектігінің үлгісі болуы тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

- Біріншіден, Қазақстанға келу мен үшін зор ғанибет. Екіншіден, мен мұны өзімнің міндетім деп санаймын. Үшіншіден, Беларусь, Қазақстан мен Ресей арасында, үш елдің үлгісінде, ерекше қарым-қатынастар қалыптасты. Бұл қарым-қатынастар біздің экономикалық қатынастарымыздың кооперациясы. Ең абзалы, өз басым Сіздің Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының осындай динамикасы мен кооперацияны дамыту үшін қаншама күш-жігер жұмсағаныңызды жақсы білемін. Іс жүзінде қабылданған бірлескен іс-қимыл жоспары тәрізді шешімге назар аударғым келеді. Қазіргі 2011-2012 жылдарға арналған жоспар табысты жүзеге асуда. Біз сенімді әрекет жасау үшін, қандай бағытта жылжуымыз қажеттігін түсіну үшін, анағұрлым басымдық сипатта болып табылатын келесі екі жылға арналған жоспарды әзірлеуге кірісуге тапсырма беру керек деп ойлаймын, - деп атап өтті өз сөзінде Владимир Путин.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжаттарға қол қойды. Олардың ішіндегі ең бастысы 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама болды. Аталған құжат шарттың жарамдылық мерзімін ұзартуға, сондай-ақ бірқатар баптарына жаңарту және өзектілігін арттыру тарапында өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған.

Оған қоса, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасынан Қазақстан мен Ресейдің шекаралық аумақтары тұрғындарының кесіп өту тәртібі туралы  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 3 қазандағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ ҚР азаматтарының Ресей Федерациясы аумағында және РФ азаматтарының Қазақстан Республикасы аумағында болу тәртібі туралы Қазақстан мен Ресей азаматтарының тараптар аумағында міндетті тіркеусіз болу мерзімін 30 күнге дейін ұзартуды көздейтін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімге қол қойылды. Тараптар сондай-ақ ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы Келісімге және ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы Келісімді іске асыру тәртібі туралы Атқарушы хаттамаға қол қойды.

Сонымен қатар,  «Kazakhmys Plс» және «РусГидро» ААҚ компаниялары арасында шағын су энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Кездесу аяқталғаннан кейін екі елдің Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев өткен 20 жыл Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар посткеңестік кеңістікте ынтымақтастықтың анағұрлым табысты және тиімді моделіне айналғанын көрсететінін атап өтті.

- Біз Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы негізгі шарттың 20 жылдығын атап өттік. Оған қол қойылғаннан бері көп уақыт өтті. Біз бүгін осы шартқа тиісті өзгерістер енгіздік. Біз Ресей азаматтарының Қазақстанда және Қазақстан азаматтарының Ресейде міндетті тіркеусіз 30 күнге дейін болу тәртібінің мерзімін ұзарту қажеттігі туралы көптен айтып келеміз. Бүгін біз сондай келісімге қол қойдық. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы тарихи максимумға жетіп, 25 миллиард долларды құрады. Біздің алдымызда бұл мөлшерді 40 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Біз экономикалық даму, энергетика, атом өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқыладық. Бізде уран өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарымыз бар. Келесі жылы біз ресейлік әріптестерімізбен Қазақстанда ядролық стансалар құрылысы бойынша бірге жұмыс жасайтын боламыз. Мұнайгаз кешені бойынша біз биыл Каспий тұрбақұбыры консорциумының (КТК) мүмкіндіктерін жылына 67 миллион тоннаға дейін кеңейтуге қол жеткіздік. Біз ғарыш саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ қазақстандық зерттеушілерді осы стратегиялық саладағы жұмыстарға тарту мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық. Ғарышқа адам алғаш ұшқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстан мен Ресейдің мақтанышы болып табылады. Ол екі елдің игілігіне қызмет ететін болады және ең бастысы – бұл қаланың инфрақұрылымы сақталады. Осы орайда, біз бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Сонымен қатар, біз Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығын Мәскеуде атап өтуге келістік, -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентімен кездесу әрдайым достық ахуалда өтетінін және нақты мазмұнға толы болатынын атап өтті.

- Біз химия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика және ғарыш салаларындағы, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы бойынша ынтымақтастықты дамыту туралы айттық. Біздің ынтымақтастықтың ең бастысы – ықпалдастық есебінен әкімшілік кедергілерді алып тастау. Мен ықпалдастықтың бастамашыларының бірі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғанын тағы да атап өтпекпін. Тек әкімшілік кедергілерді алып тастау есебінен біз Ресей мен Қазақстан үшін ішкі жалпы өнімнің бірнеше пайызының ұлғаюына қол жеткіздік. Біз осы бағытта алға қадам басуды жалғастыру ниетіндеміз, - деп атап өтті Ресей Президенті.

Жалпы, тараптар Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі  одан әрі дәйекті түрде нығайып, дами беретініне сенім білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің