National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

2016 жылғы 26 желтоқсан

Отырысқа сондай-ақ Ресейдің, Арменияның және Қырғызстанның Президенттері қатысты.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның Кеден кодексі әзірленгенін атап өтіп, оны дайындау барысында қатысушы елдер азаматтарының мүддесін сақтауға, сондай-ақ бизнес жүргізудің ашық әрі тұрақты ережесін қалыптастыруға басымдық берілгенін айтты.

– Күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға қарамастан, күш-жігерімізді жұмылдыру арқасында біз жыл басында Қазақстан ұсынған басымдығы бар негізгі бағыттарды іске асыру барысында ілгерілей түстік. Интеграциямыздың негізгі құжаттарының бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қол қоюға дайын болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті электр энергетикасы нарығын дамыту бағдарламасы аясындағы жұмыстың аяқталғанына, қызмет көрсету секторларын ырықтандыру жоспарының әзірленіп жатқанына және ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын құру жөніндегі үдерістердің басталғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның төрағалығы кезінде халықаралық ынтымақтастық нығайғанын атап өтті.

– Біз бұл бағытта айтарлықтай ілгеріледік. Қазан айында Вьетнаммен арадағы еркін сауда аймағы туралы келісім күшіне енді. Иран, Үндістан, Сингапур және Мысыр елдерімен осындай аймақтар құру жөнінде келіссөздер бастау туралы мәселе қарастырылып жатыр. Түрлі мемлекеттермен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы 25-тей меморандумға қол қойылды. «Жібек жолының экономикалық белдеуін» осы одақпен ұштастыру ісі бағдарға алынды. Еуропалық одақпен және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен әріптестік жолдары қарастырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қытаймен және Израильмен сауда келісімдері жөніндегі келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, одаққа Оңтүстік Америка елдері де мүдделілік танытып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы шетелдік әріптестермен ынтымақтастықтың негізгі қағидалары көрініс табатын сауда саясатын дамыту туралы мәлімдеме ЕАЭО-ның халықаралық экономикалық байланыстарын дамыту жөніндегі қызметтің заңды жалғасы болып табылатынын айтты.

– Сонымен бірге біз сауда келісімдері жөніндегі жұмыстың жүйелілікті, мейлінше тиімділікті, одағымыздың барлық мүшелерінің мүддесін ескеруді талап ететінін ұмытпағанымыз жөн. Тарифтік міндеттемелер құрылымына, біздің мүмкіндіктеріміз бен шектеулерді ескере отырып ықтимал алымдардың тізіміне мұқият талдау жүргізу қажет. Бұл орайда барлық қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді де ескерген жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ЕАЭО аясындағы жұмысқа ықпал ететін бірқатар факторларды, соның қатарында әлемдік экономикалық жағдайдың нашарлай түскенін және бірлестіктің өз ішіндегі мәселелер шешімін таппай отырғанын атап көрсетті.

– Өзекті мәселелерді шешудегі ерекше рөлді ең алдымен Еуразиялық экономикалық комиссия атқаруға тиіс. Бүгінгі таңда дағдарыстан кейінгі жағдайды пайымдау, Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың одан арғы стратегиясын түзуге мүмкіндік беретін жүйелі және ұзақ мерзімді шешімдер әзірлеу маңызды болып отыр. Осыған орай дағдарысқа қарсы кеңес құру қажет. Егер мемлекеттер басшылары мұны қолдаса, комиссияға бұл мәселені біздің үкіметтермен бірлесе отырып қарастыру және тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан басшылығының ЕАЭО төрағалығын табысты атқаруына тілектестік  білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің