Жаңалықтар

27 қазан 2010
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Француз бизнес-форумының ашылуына қатысты.

Бизнес-форумның жұмысына сондай-ақ Француз Республикасының сыртқы сауда жөніндегі Мемлекеттік хатшысы А-М.Идрак, «MEDEF International» қауымдастығының президенті Ж.Бюрель қатысты.

Екі елдің кәсіпкерлері алдында сөйлеген сөзінде, Н.Назарбаев Қазақстан Франциядан инвестиция тартуға, француздық бизнесмендерді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендігін атап өтті. Бүгінде Орталық Азиядағы барлық шетелдік инвестицияның 80 пайызы Қазақстанның еншісінде. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің көлемі 8 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісінің өсімі 11 пайызды, ал өңдеуші өнеркәсіп 18 пайызды құрады. Жаңа индустриалдық объектілердің енгізілуімен бірге 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Қазақстан Тәуелсіздік жылдары ішінде 119 миллиардтан астам доллар тіке шетел инвестициясын тартты. Бұл Қазақстан экономикасының сенімді өсімінің ең маңызды факторларының біріне айналды.

Мемлекет басшысы өткен кезеңде екі ел арасында ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бойынша едәуір нәтижеге қол жеткізілгенін атап көрсетті.

Бүгінгі күндері Қазақстанда қатары соңғы жылдары өсіп келе жатқан жүзге жуық француздық компаниялар жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Арева», «Тоталь», «ГазДеФранс», «Альстом», «ЕАДС», «Вика», «Талес» тәрізді әлемге белгілі француздық компаниялар және өзге компаниялар бар.

- Президент Николя Саркозидің өткен жылғы қазандағы Қазақстанға сапары және менің осы сапарым біздің елдеріміздің ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа өзара ұмтылысымыздың көрінісі болып табылады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті француздық бизнесмендердің назарын 2010 жылдың басынан жұмыс істей бастаған Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік Одағына аударды.

- Кедендік Одақ шетел инвесторларының алдына жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы орайда, Қазақстан Ресей мен Беларусь рыноктарына қақпа бола алады. Біз француздық кәсіпкерлерге Қазақстанда өз бизнестерінің аясын кеңейтуді ұсынамыз, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Франция бизнесмендерін Қазақстанның индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

- Осы ретте біз жаңа кәсіпорындарды құратын, біздің экономикамызға озық технологияны, инновацияны, ноу-хауды енгізетін инвесторларды ынталандыру ниетіндеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы форумның барлық қатысушыларына  жемісті еңбек, табыс және гүлдену тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар