Жаңалықтар

1 қыркүйек 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайының ашылу рәсіміне қатысты.
3.jpg

- Іргетасы дүниенің төрт бұрышына бірдей қарап, ұшар басы күллі адамзатқа мейір-шапағатын төккен күнге қарай ұмтылған пирамиданың кескін-келбеті бар әлемге айқара есік ашып, ортақ мақсат жолына күш-қуатын жұмылдырған бүгінгі біздің көп ұлтты қазақстандықтарды елестетпей ме?!

 
Алыстасаң аласарып, жақындасаң биіктей беретін, ал ішіне кірсең жан-дүниеңе шуақ себетін бұл әсем ғимараттың бүкіл болмыс-бітімі қашанда «еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға – шалқаятын» біздің халқымыздың биік рухы мен кең пейілінің белгісі емес пе?! Ендеше сіздер мен біздерге ғана емес, қазақстандықтардың әлі талай ұрпағына адал қызмет етуге жаратылған әсем ғимаратымыздың іргесі берік, ғұмыры ұзақ болғай! - деді Нұрсұлтан Назарбаев Сарайда орналасқан опера театрында сөйлеген сөзінде.

 
Салтанатты рәсімге сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Астанаға келген Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов қатысты.

 
Бейбітшілік пен келісім сарайы британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынды. Ғимараттың биіктігі 77 метрді, көлемі 25,5 мың шаршы метрді құрайды.

 
Сарай ғимаратында Қазақстанның ұлттық мәдениеті мұражайы, өркениеттер университеті, көрме және концерт залдары, кітапхана, әлемдік діндерді зерттеу орталығы мен діни конфессиялар кеңселері орналасады.

 
Бейбітшілік пен келісім сарайының салтанатты ашылу рәсімінен кейін испандық опера әншісі Монтсеррат Кабальенің және қазақстандық опера өнері жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт болып өтті.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар