Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

27 қазан 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – Еуразияның өзегі» атты кітаптың тұсаукерінің аясында Францияның көрнекті саяси, іскер, зияткерлік топтарының және БАҚ-тың өкілдерімен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ «The Atlantic Dinners» компаниясының президенті Феликс Маркард, Елисей сарайының бас хатшысы Клод Геан, бірқатар ірі француздық басылымдардың басшылары – «Ле Фигаро» газетінен - Этьен Мужотт және «Ле Пуэн» журналынан - Этьен Жернель қатысты.

Елисей сарайының бас хатшысы Клод Геан кездесуде сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды жаңғыртудағы, Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайтудағы көрнекті рөлін, сондай-ақ Президенттің Франциямен стратегиялық әріпестікті дамытуға қосқан орасан үлесін атап көрсетті.

- Құрметті Президент, ең бастысы, Қазақстанды жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті ел жасайтын Сіздің көрегенділігіңіз. Сіз әлемдік дағдарысты жаһандық тұрғыда талқылауға, жаңа валюталық жүйені құруға белсене атсалысып келесіз. Сіздің ұсынысыңыз G-20 аясындағы саммит үшін маңызды. Сіздің барлық бастамаларыңыз Франция Президентінің бастамасына өте жақын. Біз екі жақты стратегиялық серіктестікті дамытуда елдеріміз қол жеткізген жаңа жетістіктерді мақтан тұтамыз, - деді ол өз сөзінде.

Кездесуге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін биылғы жылдың ерекшелігіне тоқталды.

- Біздің еліміз алғаш рет ірі халықаралық құрылымға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалық етуде. Бірнеше аптадан кейін – 1-2 желтоқсанда Қазақстанның елордасы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтеді. Ол Стамбұлдағы жоғары деңгейдегі кездесуден 11 жылдан кейін өтпекші. Міне, осы деректің өзі Астана саммитіне маңызды тарихи мән береді, - деп атап көрсетті Президент.

Мемлекет басшысы еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің жалпы кеңістігін қалыптастыруда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым жетекші рөл атқаруы мүмкін екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ аймақтық ұйымдар мен форумдар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың әлеуетін пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Франция Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныды және әлемдегі ядролық бес мемлекеттің қатарында біздің елімізге қауіпсіздік кепілдігін ұсынды. Франция 2008 жылы маусымда Қазақстан стратегиялық серіктестік туралы Шартқа қол қойған Еуропадағы алғашқы ел. Біздің елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі маңызды байланыстардың тетігі – президенттік комиссия құрылған.

Қазақстан мен Франция арасындағы екі жақты қарым-қатынастар сенім мен өзара түсіністікпен, көп жақты өзара тиімді ынтымақтастыққа ұмтылумен ерекшеленеді.

Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жемісті жұмыс істеуде. Министрліктер мен ведомстволар желісі бойынша, іскер топтары мен жұртшылық арасында тығыз байланыс орнатылған.

Қазақстан халықаралық аренада Франциямен ынтымақтастыққа үлкен мән береді.

Президент Н.Назарбаев өзінің Францияға сапарының қорытындысына жоғары баға берді.

- Бұл тарихи сапар болды. Біз екі жақты ынтымақтастықтың барлық салаларында жаңа серпінді келісімдерге қол жеткіздік. Жаңа экономикалық жобалар саласындағы біздің келісімдердің жалпы құны 10 миллиард АҚШ долларынан асады. Біздің барлық жетістігіміз шабыттандыра түседі және біздің ынтымақтастығымызға ауқымды перспективалар ашады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағылығы аясында Францияның көрсеткен қолдауын жоғары бағалады.

- Президент Николя Саркози Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы Қазақстанның бастамасын алғаш болып қолдаған шетел лидерлерінің бірі, -деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономикалық проблемаларды талқылау үшін басты халықаралық алаңға айналатын, 2011 жылғы «Үлкен жиырмалыққа» Францияның төрағалығына табыс тіледі.

Кездесудің аясында ықпалды қоғамдық-саяси қайраткер және белгілі публицист Пьер-Люк Сегийонның жетекшілігімен шығармашылық ұжым әзірлеген, француз және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақстан – Еуразияның өзегі» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік құрылысының әртүрлі қырларына арналған, онда Қазақстанның демократиялық даму жолындағы, экономикалық және қарқынды дамушы, халықаралық қоғамдастықта лайықты және беделді мемлекет ретінде қалыптасуындағы Мемлекет басшысының бірегей рөліне маңыз берілген.

Кездесулер сондай-ақ өзекті экономикалық, саяси және халықаралық проблемаларға арналған кең көлемдегі мәселелерді талқылады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар