Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

1 наурыз 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шуваловты қабылдады.

Президент Ресейді ТМД-ға төрағалығының басталуымен құттықтады. Н.Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Қазақстанның бастамасы бойынша Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда құрылғанын атап өтті.

- Мен біз сол уақытта дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Н.Назарбаев сондай-ақ Кедендік Одақты құру және Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі келісімдерді келісілген мерзімде орындау қажеттігін атап өтті.

И.Шувалов Мемлекет басшысын Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы атап өтілетін жылдағы Ресей төрағалығы кезінде соғыс ардагерлерін қолдау, сондай-ақ ғылым мен инновацияны дамытуға көмектесу мәселелерін шешу ниетінде екендігінен хабардар етті. Осыған байланысты Ресей Достастық бойынша серіктестерімен бірлесіп көлік, энергетика, еңбек рыногы, білім және мәдениет салаларындағы жаңа жобаларды ұсыну ниетінде.

- Келесі жылы ТМД құрылғанына 20 жыл толуын атап өтеді. Осы датаға орай еркін сауда аймағы туралы жаңа келісімдер әзірлеу қажет, - деді И.Шувалов кездесу аяқталғаннан кейін.

Әңгімелесу барысында сондай-ақ 2009 жылы қарашада Минскіде берілген Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында Кедендік Одақ құру жөніндегі Президенттердің тапсырмаларын орындау барысы туралы сөз болды. Бұл үшін Кедендік Кодексті қабылдау қажет. Сонымен қатар, кедендік қызмет жұмысының бірлескен регламенті, бірыңғай ақпараттық жүйені құру туралы келіссөздер маңызды, ал осыған дейін әрбір ұлттық кеден осы ақпараттық ағынмен қалай қамтамасыз етілетінін ойлану қажет.

И.Шувалов Н.Назарбаевты Кедендік Одақ комиссиясының соңғы отырысында қабылданған шешім туралы, яғни 1 шілдеден бастап 2012 жылғы 1 қаңтарға қарай Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жөніндегі құжаттар пакетін қалыптастыру процесі басталатындығынан хабардар етті.

- Бұл біз бірлесіп күш-жігерімізді салу арқылы алға жылжитын интергацияның келесі сатысы, - деп атап өтті И.Шувалов.      


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар