Жаңалықтар

8 маусым 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің басшылығымен кеңес өткізіп, онда дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы есепті тыңдады.
big-01.jpg

Кеңесті ашқан Президент, Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру бойынша үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Оның нәтижесінде, елдің қаржы секторы тұрақтанды, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат шағын және орта бизнеске жетті, құрылыс саласы жандана бастады, егіс науқаны оңтайлы мерзімде аяқталды, Жол картасы аясында қажетті инфрақұрылым құрылып, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандар жөндеуден өткізілуде.


Кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, оның орынбасарлары Өмірзақ Шөкеев, Серік Ахметов және Ербол Орынбаев, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Қайрат Келімбетов пен Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы Елена Бахмутова сөз сөйледі.


Олар Мемлекет басшысын банк жүйесін тұрақтандыруды қамтамасыз ету, АӨК пен үлескерлік құрылысты қолдау, Жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыру, шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен дағдарысқа қарсы іс-шараларға Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуін бақылау жөнінде қабылданған шаралар туралы хабардар етті.


Кеңеске қатысушылар атап өткеніндей, бүгінде жалғасып отырған әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, таяудағы 6-8 айдың көлемінде Қазақстан экономикасы бүкіл келеңсіз үрдістерді еңсере алуы үшін барлық алғышарттар бар.


Агроөнеркәсіп секторы егіс науқанын табысты аяқтады. Егістік ауқымы 2008 жылмен салыстырғанда, бір миллион гектарға өсті, соның ішінде 600 мың га алқапқа бидай, 300 мың га жерге майлы дақылдар артық себілген.


Құрылыс секторы жандана түсті. 2008 жылдың қыркүйегінен бастап 25,6 мың үлескердің қатысуымен салынып жатқан 184 нысанның құрылысы аяқталды. Қазіргі кезде 41 мыңнан астам үлескердің қатысуымен 225 нысанның құрылысы салынып жатыр.


ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес қабылданған Жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруға байланысты Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі аз мөлшерде, яғни 6,6 пайыздан 7,2 пайызға дейін ғана көтерілді. Осылайша, елімізде жұмыссыздар санының күрт өсуі орын алған жоқ.


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасының ағымдағы жағдайындағы оң үрдістерді атап өтті. Халықтың ақшалай табысы қысқарған жоқ, керісінше, нақты көрсеткіш бойынша 4 пайызға артты. Теңге девальвациясына қарамастан, инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуі байқалып отыр. Жыл басынан бергі 5 айда инфляция деңгейі 2,8 пайызды құрады. Қазақстанның халықаралық резервтер көлемі тұрақты сақталып отыр, бүгінде ол 43 миллиард долларды құрады. Коммерциялық банктердің несиелік жиыны бұрынғы деңгейде қалып отыр. Экономиканы несиелендіру көлемі 8,5 пайызға өсті.


- Бұл біз атқарып отырған жұмыстың нәтижесі, - деді Мемлекет басшысы.


Кеңесті қорытындылай келе, Президент Үкіметке шағын және орта бизнесті әрі қарай қолдау мәселесін зерделеуді, дағдарысқа қарсы шараларды жүргізуге бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.


Сондай-ақ Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Атап айтқанда, тиісті бесжылдық жоспарды әзірлеу міндеті қойылды.


Мемлекет басшысы Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың жұмысы үш негізгі блокқа – дағдарысқа қарсы шараларды шешуге, елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардағы қазақстандық үлесті ұлғайтуға және Жол картасын іске асыруға жұмылдырылуы тиіс екендігін ерекше атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар