Жаңалықтар

17 қараша 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы Алмас Шарманды қабылдады.

Кездесу барысында Президент Ұлттық медициналық холдинг жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысты. Мемлекет басшысы аталған холдингтің дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті қаражат бөлінгенін атап өтті.

Холдинг Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2008 жылы мамыр айында құрылды. Қазіргі уақытта оны құру жұмыстары толық аяқталды. 2010 жылы оның құрамындағы кардиологиялық орталық пайдалануға беріледі.

– Біз бүгінде сапалы медициналық қызмет қол жетімді болуы үшін импорт алмастыру мәселесімен айналысудамыз. Бұл ретте үлкен прогреске қол жеткіздік. Мемлекет бөлген қаражаттың нәтижесінде ағымдағы жылдың соңына дейін 200-ге жуық дәрігер және медбикелер осы заманғы технология бойынша білім алуда. Біз шеберлік сабақтарын өткізу үшін батыс елдерінен мамандар шақырып отырмыз. 40-тан астам қызметкеріміз Еуропа елдері мен АҚШ-та тәжірибеден өтуде. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметтің 80 пайызы кепілдендірілген тегін медициналық көмектің мөлшері шегінде жүзеге асырылады, – деп атап өтті брифинг барысында А.Шарман.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар