Жаңалықтар

28 қыркүйек 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары жалғасуда.

03 - Тараз

04 - Тараз

Президенттің жұмыс сапары бағдарламасының екінші күні «Жасыл ел» бағдарламасы аясында абаттандырылған ауланы аралаудан басталды. Ауланы абаттандыру аясындағы жұмыстардың құны 7,8 миллион теңгені құраған. Аулада әлемдік стандарттар бойынша жаңа голландық жасанды жабумен тұрғызылған заманауи футбол алаңы бар. Бүгінгі күні 42 аулалық аумақтың жұмысы аяқталған. Үш жылдың ішінде облыстың орталығындағы барлық аулаларды абаттандыру жоспарланған. Аулалық аумақтарды абаттандыру жобасын іске асыру бизнестегі әлеуметтік серіктестік аясында жүзеге асырылуда.

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағының Батыры, көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Президент осы арада Жамбыл облысының ардагерлерімен кездесті.    

Мемлекет басшысы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың қалалық бөлімшесінің операция залында болды. Ғимаратта зейнетақы істерін сақтау үшін жалпы алаңы 482,6 шаршы метр болатын мұрағат орналасқан, сондай-ақ «жалғыз терезе» қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсететін операция залы бар.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылатын өңірдегі жобалармен танысты. 2010 жылғы бірінші жартыжылдықта Жамбыл облысында ірі екі жоба: граниттен жасалған бұйымдар мен құрылыс материалдары өндірісі және өнеркәсіп негізіндегі бояулар өндірісі іске қосылған. Президентке облыста ағымдағы жылға жоспарланған 8 инвестициялық жобаның 4-еуі таныстырылды. Оның қатарында – Мойынқұм ауданындағы цемент өндірісі. Цементті шығару көлемі – жылына 1 миллион 100 мың тонна. Жобаның құны – 233 миллион АҚШ доллары. «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС ферроқорытпа өндірісін кеңейту және жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыруда. Жобаның құны – 11571,4 миллион теңге. Зауытта 1600 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. «Амангелді ГҚЗ» ЖШС шикі мұнайды өңдеу жөніндегі зауыттың құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 3 000 миллион теңге. Жоба бойынша 100 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінгі күні объектіде 135 адам жұмыс істейді.

Жобаларды телевизиялық таныстыру барысында Президент Жаңатас қаласындағы болат балқыту өндірісін іске қосты. Металлургиялық зауыт металлпрокатын шығару жолымен қара металл сынығын өңдеуге бағытталған. Өнімділік қуаттылығы жылына 36 миллион тоннаны құрайды. Жобаның құны – 450 миллион теңге. Жаңадан 120 жұмыс орны ашылған.

«Жастар» сарайында өткен бизнес-форум барысында Нұрсұлтан Назарбаев индустриаландыру бағдарламасы аясында Жамбыл облысында барлығы жалпы құны алты жүз миллиард теңгенің 19 инвестициялық жобасы іске асырылуда екенін атап өтті. Өңірде тоғыз жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бұл жобалар – цемент зауытының құрылысы, болат балқыту және металлургиялық өндірістер, минералдық тыңайтқыштар шығару жөніндегі химиялық өндірістер.

- Осының бәрі – еліміз үшін өмірлік маңызы бар индустриалдық объектілер. Жалпы алғанда, Жамбыл облысының басшылығы, өңірдің бизнес қоғамдастығы үдемелі индустриаландыру бағдарламасын белсенді іске асыруда, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Еліміз бойынша үдемелі индустриалық мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың маңыздылығы туралы айта отырып, Президент «Бизнесті қорғап, инвесторларға көмектесу керек. Қазақстанның Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға кедергі жасайтын шенеуніктер қызметінен босатылатын болады», деп атап көрсетті.  

Осы жерде Президент «Батыс Қытай-Батыс Қазақстан» автожолының жамбылдық учаскесінің құрылысы барысымен танысты.           


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар