National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Мемлекеттік кеңесші Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның отырысын өткізді

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен қазақ ағартушысы, ғалым, ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Жиында жыл басынан бері мерейтойды өткізу аясында бірқатар маңызды ғылыми-зерттеу, ағартушылық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілгені атап өтілді.

Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттауға бағытталған халықаралық, республикалық, өңірлік іс-шараларды жыл соңына дейін жоғары деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті. Алматыда ғалымға ескерткіш орнату жоспарланған. Оның 12 томдық толық шығармалар жинағы басылымға дайындалып жатыр. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде және ТҮРКСОЙ аясында іс-шаралар өткізу көзделген. ТҮРКСОЙ ұйымы жыл сайын көрнекті түркітанушы ғалымдарға берілетін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі тағайындау туралы шешім қабылдады.

Отырыста Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады.

Aғартушының Қостанай облысындағы туған жерінде ғылыми-реставрация жұмыстары ұйымдастырылып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатқанын ерекше айту керек.

Комиссия отырысын қорытындылай келе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару