National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

2023 жылғы 04 мамыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді.

Келіссөзге дейін «Ақорда» резиденциясында ресми қарсы алу рәсімі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Бұдан кейін екі ел басшылары шағын құрамда кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға ілтипат білдіре отырып, Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.

– Бізді ежелден ортақ тарих, мәдени және рухани құндылықтар тығыз байланыстырады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ. Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Сіздің сапарыңыз аясында экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-әрекетті одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа келісімдердің маңызды топтамасына қол қойылады, – деді Президент.

Келіссөз барысында қазақ-тәжік ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

– Кеше елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты бейресми әрі өзара сенімге негізделген жағдайда пікір алмастық. Ең бастысы, сауда көлемін екі миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Біз бизнесмендердің 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойғанына көңіліміз толатынын атап өттік. Бұл – өте жақсы нәтиже. Екі ел үкіметтері осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалап отыруға тиіс. Біздің берік әрі ұзақмерзімді қарым-қатынасымыздың мызғымас негізі – тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар. Былтыр Душанбеде Қазақстан киносы күндері табысты өткізілді. Биыл біздің елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Біз осы шараға мұқият дайындалуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Эмомали Рахмон Қазақстанға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Тәжікстан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер. Қарым-қатынасымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтыр тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз. Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын. Сізді және барша Қазақстан халқын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтаймын. Сізге алдағы уақытта бауырлас Қазақстанның дамуына бағытталған реформаларды жүзеге асыруда табыс тілеймін. Біз тұрақты байланыстар мен жоғары деңгейдегі ұзақмерзімді саяси диалогтың игі дәстүрлерін сақтап, одан әрі кеңейтеміз. Мен достық қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын, – деді Тәжікстан Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің