Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 ж. 13 тамыздағы № 379 Жарлығымен бекітілді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы (бұдан әрi – Мемлекеттiк хатшы) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының лауазымды тұлғасы болып табылады.

Мемлекеттiк хатшы өз қызметiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң тiкелей басшылығымен жүзеге асырады, оған есеп бередi және бақылауында болады.

Мемлекеттiк хатшы мынадай өкiлеттiктердi жүзеге асырады:
Қазақстан Республикасының Президентi үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:

Қазақстан Республикасының Парламентiмен және оның палаталарымен, басқа да мемлекеттiк органдармен, қоғамдық бiрлестiктерiмен қарым-қатынастарда;

халықаралық қарым-қатынастарда оның мүдделерiн бiлдiредi;

мыналардың:

әлеуметтік-гуманитарлық даму, отбасылық-демографиялық саясат, мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері жөнінде;

Мемлекет басшысының жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың: Адам құқықтары жөнiндегi комиссияның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнiндегi комиссияның, Мемлекеттiк наградалар жөнiндегi комиссияның, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң - Елбасының Мемлекеттiк бейбiтшiлiк және прогресс сыйлығын беру жөнiндегi комиссияның, Мемлекеттiк рәмiздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген басқа да наградалар геральдикасы мәселелері жөнiндегi республикалық комиссияның, Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның, Әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссияның,  әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссияның, Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның, Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президенттің сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметiн үйлестiредi;

Қазақстан Республикасында қоса атқарушы ретiнде тiркелген шет мемлекеттердiң елшiлерiнен сенiм грамоталарын қабылдайды; Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмаларына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.


Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы

САҒЫНТАЕВ Бақытжан Әбдірұлы 

1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туды.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алма-Ата халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады.

1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі жолды өтті.

1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

1999 жылдан 2002 жылға дейін Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымдарында қызмет етті.

2002 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

2004 жылдан 2007 жылға дейін – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы болды.

2007 жылдан 2008 жылға дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.

2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

2012 жылдың 20 қаңтарында – Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі   болып тағайындалды.

2012 жылдың 24 қыркүйегінен бастап – «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті.

2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды.

2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2016 жылғы 9 қыркүйектен бастап 2019 жылғы 21 ақпанға дейін ҚР Премьер-Министрі қызметін атқарды.

2019 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі баласы бар.