Жаңалықтар

3 маусым 2013
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ресми сапармен жүрген Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесу өткізді

Кездесуде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын қамтитын кең ауқымды мәселелер талқыланды.

Кездесуде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын қамтитын кең ауқымды мәселелер талқыланды. Бұған қоса, тараптар халықаралық күн тәртібіне, атап айтқанда, Орталық Азиядағы ахуалға назар аударды.

Қазақстан Президенті Астанаға келген кезінен бергі уақытта Ж.М.Баррозудың жемісті жұмыс жүргізгенін айта келе, Еуропа Одағы Қазақстанның негізгі серіктесі болып табылатынын атап өтті.  

Өз кезегінде Ж.М.Баррозу Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Брюссельге сапары Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың аясын кеңейтуге зор үлес қосқанына тоқталды.

Бірлескен баспасөз мәслихаты барысында Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Одағымен қарым-қатынасты дамытуға Қазақстанның стратегиялық тұрғыда мән беретінін атап өтті.

- Соңғы жылдары Еуропа Одағы еліміздің сыртқы экономикалық және инвестициялық басты серіктесіне айналып отыр. Осы жылдары Еуроодақ елдері салған инвестиция көлемі 80 миллиард долларды құрағанын атап өтсек жеткілікті. Өзара тауар айналымының деңгейі 53 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, Қазақстан Франция, Испания тәрізді Еуроодақ елдерімен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ, технология орнына шикізат ресурстарын жеткізу туралы Германиямен келісім бар. Соңғы жылдары Еуроодақ пен еуропалық компаниялар біздің еліміздің индустриялық дамуына белсене атсалысуда, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестік пен ынтымақтастықты ілгерілету туралы жаңа келісімді тездету туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін де атап өтті.

- Біз азаматтарымыздың белгілі бір санаты үшін визалық режімді жеңілдету туралы сөйлестік. Еуропалық мемлекеттердегі біздің авиакомпаниялардың еркін ұшуына мүмкіндік беру мәселесін қозғадық. Еуроодақ тарапынан Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үдерісіне қолдау көрсету туралы да сөз болды. Барлық осы мәселелер жөнінде біздің пікіріміз ортақ, біз қолдауға ие болдық, бұл үшін мен Ж.М.Баррозуға ризашылығымды білдіремін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.        

Мемлекет басшысы келіссөздер сенімді негізде жүргізілгеніне тоқталды.

- Біз өңірлік қауіпсіздік мәселесін, өңіріміздегі тұрақтылық жайын талқыладық. Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік қызметін талқылау барысында олар біздің үшінші елдермен, соның ішінде Еуропа Одағымен сауда жасауымызға кедергі келтірмейтіні атап өтілді. Болып өткен келіссөздер Қазақстанның Еуроодақ елдерімен экономикалық та, гуманитарлық та салада одан әрі жақындай түсуі үшін жаңа кезеңге айналатынына мен сенемін, мұны үлкен жетістік деп санаймын. Ж.М.Баррозудың алғашқы сапары табысты және жемісті болды деп есептеймін, - деді Қазақстан Президенті.

Ж.М.Баррозу өз сөзінде елімізде бұл жолы болуы Еурокомиссия төрағасының Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары болып саналатынын атап өтті. Оның дер кезінде өтуі бұл сапардың Қазақстан мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 20 жылдығымен орайлас келуінде ғана емес, сондай-ақ, барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықтың арта түсуіне де байланысты.

- Біз ынтымақтастық аясын кеңейту туралы жаңа келісімді қабылдау жөнінде келіссөздерді аяқтау арқылы өзіміздің қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңін ашу ниетіндеміз. Бұл құжат анағұрлым кешенді ынтымақтастыққа бағытталған. Еуропа Одағы алдағы уақытта да өзара ортақ мүддені білдіретін барлық саладағы серіктестік аясын кеңейтуге қолұшын беру ниетінде. Серіктестік мен ынтымақтастықты ілгерілету туралы келісім қазір серпін алып отырған біздің қарым-қатынасымызды одан әрі жеделдетуге берік негіз қалайды. Шын мәнінде де ЕО Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып саналады, еліміздің тауар айналымының жалпы көлемінің 45 пайызға жуығы оның үлесіне тиеді, ал екіжақты сауда деңгейі 31 миллиард еуроны құрайды. Және Еуропадағы күрделі жағдайға қарамастан, соңғы жылдары тараптар арасында тауар айналымының жедел өсіп отырғаны байқалуда, - деді Ж.Баррозу.              

Еуропалық комиссия төрағасы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі инвестиция өсімінің зор әлеуеті болып табылатынын атап өтті.

- ЕО Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі бастамасын әрқашан қолдап келеді. Біздің тараптардың ұйымға кіру шартының маңызды элементтері жөнінде келісімге келгенін қуаттау мен үшін зор ғанибет. Біз тиісті құжаттарға қол қойылуын тағатсыздана күтеміз. Біз Қазақстанның экономиканы одан әрі әртараптандыру және «жасыл экономиканы» дамытуды жеделдету жөніндегі стратегиясын да қолдаймыз, - деді Ж.М.Баррозу.

Еуропалық комиссия төрағасы Қазақстанның Орталық Азияда өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетудегі, атап айтқанда, экстремизм, терроризм, есірткі тасымалы, су ресурстарын басқару проблемаларын бірлесіп шешудегі жоғары рөлін атап өтті.

Сөзінің соңында Ж.М.Баррозу Нұрсұлтан Назарбаевқа 21 ғасырдағы сенімді серіктестікке негіз қалайтын мазмұнды және нәтижелі диалог өткізгені үшін алғысын айтты.     


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар