Жаңалықтар

24 маусым 2013
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында «Нефтехим LTD» ЖШС полимер өнімдерін шығаратын зауытында болды

Қазақстан Президенті кәсіпорынның қызметімен танысып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

Қазақстан Президенті кәсіпорынның қызметімен танысып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді.

– Зауыт өнімдерінің 80 пайызының сыртқы нарыққа шығарылатыны экспорттық әлеуеті зор екенін білдіреді. Бүкіл Павлодар облысында химия өнімдерінің 40 пайызы, еліміздегі металдың 20 пайызы өндірілетіндіктен Қазақстанның негізгі индустриялық өңірі болып саналады. Республикадағы электр энергиясының ең үлкен көлемі осында өндіріледі. Жалпы, облыс биыл жақсы даму үстінде, мұнда 80 индустриялық жоба жүзеге асырылуда, онда алты мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Павлодар облысы – еңбекшілер өңірі, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалада материалдық игілікті жасаушы еңбек адамына деген құрмет насихатталады. Мен тағы да еңбек адамын құрметтеуге және оны бағалауға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Әңгімелесу барысында кәсіпорын жұмысшылары Мемлекет басшысына әйелдер үшін зейнет жасын ұзартудың бастапқы мерзімін 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру жөнінде шешім қабылдағанына қолдау көрсетіп, алғыстарын айтты.

Қазақстан Президенті зейнетақы реформасын жаңғырту елдің қазіргі заманғы дамуына негізделген қажетті қадам екенін атап өтті.

– Кейбір батыс елдерінде адамдар кредитке өмір сүретіні, тіпті зейнетақы төлемдері қарызға берілетіні белгілі. Енді ақша таусылғанда, олардың зейнетақыны қысқартуына, зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеруіне тура келеді. Егер біз зейнетке шығу жасын бүгін арттырмасақ, онда келешекте осындай проблемаға тап боламыз. Сондықтан дер кезінде шара қабылдаған жөн. 2030 жылға қарай бізде жұмыс істейтін 1,5 адамға бір зейнеткерден келеді. Алдағы уақытта әр жұмысшыға бір зейнеткерден келеді. Жаңғырту – бұл амалсыздан барып отырған қадам, сондықтан халыққа оны анағұрлым кеңірек және егжей-тегжейлі түсіндіру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлеуметтік реформаны халықтың барлық тобы үшін мейлінше ауыртпалықсыз жүргізу қажеттігін атап өтті.

– Егер біз зейнет жасын 2018 жылдан арттырсақ, онда қазір зейнет жасына келгендердің жағдайын ескергеніміз. Осы уақыт ішінде адамдардың өмірі жақсарады, еңбекақы артады, зейнеткерлік төлемдер көбірек болады. Сонымен қатар, бізге әйелдерді әлеуметтік тұрғыда қолдау қажет. Біріншіден, зейнеткерлік жасқа таяған әйелдерді жұмыстан шығаруға заң жүзінде тыйым салып, оларды жұмыспен қамту керек. Екіншіден, мен мемлекет бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болған әйелдердің зейнетақы есебіне еңбекақысынан 10 пайыз аударуға тапсырма бердім. Үшіншіден, бала күтімі кезінде зейнетақы төлемдері төмендеуге тиіс емес. Бұған қоса, жұмыс беруші барлық зейнетақы төлемдеріне салықтық жеңілдік ала отырып, қосымша бес пайызды аударуға тиіс. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлемін арттырады. Шахтерлер, металлургтер, химиялық өндіріс жұмысшылары тәрізді зиянды және қауіпті мамандықтардың өкілдері зейнеткерлікке басқа мамандық иелерінен бұрын шығатын болады. Олардың лайықты соманы жинақтауына көмектесу үшін жұмыс беруші де жарнаға тағы да бес пайызды қосатын болады. Жалпы, 2018 жылы осы шарттарды орындай отырып, біз отандық зейнетақы жүйесінің тиімділігін едәуір арттырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.          

Кездесуде Қазақстан Президенті елімізде іске асырылып жатқан маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар туралы да айтты. Атап айтқанда, биыл Астана-Павлодар автомобиль жолының құрылысы басталды. Осы және басқа да жобаларды іске асыру барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.                

Әңгімелесу барысында кәсіпорын жұмысшылары кәсіби деңгейді арттыру, әлеуметтік кепілдікті іске асыру үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті. Зауытта тәлімгерлік, қосарлы оқыту жүйесі қалыптасқан.

Зауыт 2009 жылы 17 қыркүйекте пайдалануға берілген.

Шығаратын негізгі өнім түрлері – метил-трет-бутил эфирі (жоғарыоктанды жанармай өндірісі үшін оттекті қосымша), пропилен және полипропилен. Кәсіпорындағы жұмысшы саны – 471 адам. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары